15.05.2022
129
Ақша қар
Жауа берсін, нең бар сенің ақ қарда,
Қыстың сəні онсыз келмей жатқанда, –
Қонақтасын көк аспанның елшісі,
Иығыма, кең далама, бақтарға.
Аймаласын бөлмеміздің əйнегін,
Мазаласын шабытымды ой менің.
Ей, кінəсіз сұлулық-ай, сен де бір,
Левитанның бояуындай сөйлегін.
Көкжиегің көрінеді мұнартып,
Ақ сағымды керуенін шұбалтып...
Жауа берсін дарқан жерді жатсынбай,
Қара ойлардан əппақ əлем мың артық.
Менде қарды жатсынатын жоқ шама,
Боран ұлып дүлей күші соқса да, –
Жанарымда жарқ-жұрқ еткен сұлулық,
Ал, астымда ақбоз атты ақ шана.