15.05.2022
179
Қара суық
Қарашаның қарашы қырсығын-ай,
Көкке ілініп көңілсіз тұр сынық Ай.
Қара суық еседі қабырғадан,
Жабылмаған түндігі тіршілік-ай.
Шытынайды қақтың да мұз жанары,
Алыста аспан айшықсыз сызданады.
Алты ай жазды армансыз алқымдаған,
Ашылмай-ақ қойды-ау бір Күз қабағы.
Еске салды мына күн қайдағыны,
Шаға алмассың мұң етіп Айға мұны.
Көкке қарап ұлыған шибөрінің,
Тоқымдай-ақ тоғайды жайлады үні.
Тобықтай қыр жамылған түн түндігін,
Сұп-суық күй кешеді, мүмкін, бүгін.
Суыртпақтап отыр ма сұрқай ойды,
Қаныпезер ойлаған құлқын құнын?
Тарқа күзгі өңірден əн тарқасаң,
Қар боратып жетесің, қаңтар, қашан?
Сай-сүйекті аяусыз сырқыратқан,
Болмас қара суықты қаңтармасаң.