15.05.2022
  1020


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қараша

Тыраулаған үнінен тырналардың,
Лебі есіп жайсыздау тұр хабардың.
Ауыр тартқан ауаның салмағынан,
Сай-сүйегім сырқырап, мұңданармын.
Ағып түскен жұлдыздай жалқын көктен,
Таңғы шықтың жанары салқын неткен.
Қарашаның қабағы қатпар-қатпар,
Мамыражай жоғалтқан қалпын көптен.
Ойнай-тұғын самалмен балдыздайын,
Жапырағы сиреген жалғыз қайың, –
Көкке қарап көңілсіз сыланады;
«Көркімді енді, – дегендей, – алғызбайын».
Салмақ тартқан арудай Күз, қарағым,
Қабақ шытпа, жоқшымын, із қарадым.
Еткен назым – жанымның жапырағы,
Кеткен жазым – орыны мұз-жараның.
Үнсіздікке көшкелі мұңым менің,
Қанша ойлардан, қоңыр Ай, түңілмедім.
Өміріме үңілсең, үңіле бер,
Өлеңіме бірақ та үңілмегін.





Пікір жазу