15.05.2022
  204


Автор: Аманхан Əлімұлы

Ғашықтық хаттар жауабы

«Мен кеше жұлдыздармен сырласқанда...»
Сен мендей ғашық па едің түнгі аспанға?
Өзіңдей сыймай кетем бөлмеге мен,
Кеудемді əлдеқандай мұң басқанда.
«Түсімде бұрымыммен ойнадың кеп...»,
Сол күні, рас, сені ойладым көп.
Өкпелеп тұрғандай боп елестедің:
«Сен менсіз талай тойды тойладың», – деп.
«Тойда бопсың, бір қызға қызықтың ба?..»
Олай, жаным, күдерді үзіп тынба.
Ерте көктем қайтадан оралғанмен,
Жаның қалар жабырқап, жүзіп мұңға.
«Сүйіктім деп көп жерде қайталапсың...»
Көп нүктені, аяулым, байқамапсың.
Əдейі ме, бекер деп осынымды,
Менің тұнық кеудемді шайқамақсың.
«Лала гүлдер бұл күнде қырда тұнды...»,
Мен жүрмін-ау өзіңсіз мұнда мұңды.
Жалын кешкен шығарсың гүлдер қуып,
Бойтұмарым, серік қып бір хатымды.
«О, от сезім, қай жаққа алып ұштың?!.»,
Оралмадың, жаныма салып ұшқын.
Келмесіңді білемін қасыма əсте,
Кесесінен бал татпай сағыныштың.





Пікір жазу