Отырдық біз ошақтың іргесінде...
Отырдық біз ошақтың іргесінде,
Тəтті елес жан жұбатты тұрды есімде.
Күшік-жел қыңсылаған ішін тартып,
Жаңғыртып жадымызды жүрмесінде.
Бар ма болар-болмастан күйген дерің,
Жалын қайтып жарықтай сүйген керім –
Шоқ шырт-шырт ұшады шағыр көзді,
Ойып түсер оқыстан тиген жерін.
Жүрек құрғыр жүгенсіз сезер теңді,
Тастай бердің қиылып көз-еркеңді.
Тартпа ойдай табанын алдырмайтын,
Тірілді ме кеудеңде сөз ертеңгі?..
Ойма қарын сияқты тоярдағы,
Ұйытқыған көңілді ой арбады.
Иірім жанар иіріп тартып кеткен,
Жанбай қалай жанымның қояр бағы?!
Таз қатқақты ық қағып, күйе жаққан,
Ұмар-жұмар аққа орап түйеді ақпан.
Үзік-созық дауысы естіледі,
Сары шалдың қаңбақтай түйе баққан.
Көкірегімде басылған қалып тасқын,
Қайтты ыстығы қапыстан шалық бастың.
Қайыс қара баланың қарасынан,
Шаңыраққа көзімді алып қаштым.