15.05.2022
  109


Автор: Аманхан Əлімұлы

Күзгі көңіл

Қамықпа қаламайтын ұзағанды,
Қарсы алып тұрмын кіді Күз ағамды.
Сап-салқын қоңыр тірлік қонақ бермей,
Қапыда қаным неге қыза қалды?..
Жималап келіп қалған төккен терді,
Мезгіл бұл ел-жұрт күткен көптен бергі.
Бүйідей жауын тиген жиырылады,
Тышқанқұлақ жапырақ өпкен жерді.
Жанымның жабырқаулы далада емі,
Жеп қойды, қарғам, қапас қала мені.
Қуалай бау-бақ ішін соққан самал,
Сабырсыз сартаптаған сана ма еді?
Көңілсіз күйді кешіп бірауық мен,
Тірлігім айнымастан тұр-ау үттен.
Көз жасы тыйылмайтын ұзақты күн,
Алматы соншалықты жылауық па ең?
Ұласар арты кейін борасынға,
Табиғат көңіліңе қарасын ба?
Күрмеуге келмей өмір өтер ме екен,
Ауыл мен Алматының арасында





Пікір жазу