15.05.2022
  255


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қарамай қара барқын рең басқа...

Қарамай қара барқын рең басқа,
Күз келіп қалыпты-ау күрең қасқа.
Жаз деген желең кеуде желік керіп,
Елемей о шіркінді жүр ем баста.
Күп-күлгін ақтаңдақты күл шырайлы,
Бұзғанмен буыны босаң бұлт райды, –
Ат жақты Ай сəулесі күміс тізгін,
Сынаптай суда салқын жылтырайды.
Тыныштық орнағандай құсты көлде,
Салмағы уақыттың түсті белге.
Күзді күнгі жапырақ сияқтанып,
Қанша мұңды сөздерім ұшты желге.
Келетін ат жақтанған, шүкір деске,
Ай да туды қойғандай үтір кешке.
Жатаған тораңғыл да сидаң тартып,
Қайдағы түсіреді бүкірді еске.
Жетегінде кеткен мен жырдың желік,
Күзбен бірге ауылға тұрмын келіп.
Майлықожа үйінің орны жатыр,
Қамалындай алынбас сырдың берік.
Мұншама жан жүрегім имес еді,
Еш адам түсінбестей сүйді есебі.
Қырдағы қабірлер де қоңыр тартып,
Сырдағы ел де мұңды күй кешеді.
Күп-күрең көңілсіздік басқан бақта,
Мысалы, қысқа алдағы ашқан қақпа.
Сағынып келген жоқпа ем, Сырдағы елді,
Анау ит неге ұлиды аспан жаққа.





Пікір жазу