Тырналардың дауысы тыраулаған...
Тырналардың дауысы тыраулаған,
Мұңның табын сездіріп тұр-ау маған.
Қалбаң-қалбаң барады қағаз қашып,
Бір кездері біреуден сыр аулаған.
Сыр-сыр етіп ұзын сап сыпырғысы,
Сұрау белгі секілді бүкір кісі, –
Жүр тазалап көшені кір-қоқыстан,
Жерге, сірə, келмейді түкіргісі.
Суық-сыпсың жылайды Күз балаша,
Пісіп жерді жемісі сызған алша, –
Айлы түнде түбіңде есімде жоқ,
Кетті ернімнің ыстығы қызда қанша.
Күзде, сірə, көрмедім сау бір айды,
Бағып тұрған сияқты тау да райды.
Анда-санда аспан да тұз қақтаған,
Теңбіл-ала терідей қаудырайды.
Қорғасын түс бұлттар көш түзеген,
Мысалы, еспе жіпті ешкі үзеген.
Азан-қазан күй кешіп тұр дүние,
Талбастанып жабайы кеш күзеген.
Қылаулатқан кез келді ұшқындатпа,
Мұңды көзбен қараймын міскін баққа.
Үйде жалғыз жатқаным дұрыс шығар,
Ізін емдеп жандағы тістің қаппа.