15.05.2022
  127


Автор: Аманхан Əлімұлы

Бəрі де бəрі ойымда...

Бəрі де бəрі ойымда,
Əлекке, Апа, түстім бе?
Ауылың Сырдың бойында,
Қабірің қырдың үстінде.
Құбыла беттен жел ескен,
Тірлік қой, тірлік қалытқы.
Қозыдай қоңыр тел өскен,
Қатарың сиреп қалыпты.
Аңсаған көңіл жылау ма,
Өмірге өткен жетпек не?!
Қалыпты, тіпті, құлауға,
Оқыған мен де мектеп те.
Ұқсайды жастар жасынға,
Құдайға шүкір, дүрмек көп.
Жатаған тамның қасында,
Жап-жақсы жаңа тұр мектеп.
Сағыныш, сосын, торған мұң,
Үйірілген көзге жасым ба?
Қарғадай бала қорғанның,
Қонақтап отыр басында.
Сынаған талай бағымды-ай,
Қалаға қайтып кетермін.
Сонан соң, сарша сағымдай,
Сағынып қайта жетермін.
Ашылса-дағы бақ-айым,
Қаланы жата жайланып, –
Ауылға мəңгі ағайын,
Кіндігім қалған байланып.





Пікір жазу