15.05.2022
  141


Автор: Аманхан Əлімұлы

Енді, Қарғам, таппасаң өзің емін...

Енді, Қарғам, таппасаң өзің емін,
Таң шығындай үйіріліп көзіме мұң, –
Сүйгенімнің бойынан маған деген,
Қара күздің салқынын сезінемін.
Жамыраған мезгілдей қозы алмасты,
Іштей үнсіз егіліп созам жасты.
Ақ шалғанын сезгейсің самайымды,
Жалғыз аяқ қайыңдай тозаң басты.
Кең даланы (о өмір сезікті ме ең?..)
Кеткім келіп кетеді кезіп кілең.
Тағдырымда о бастан ешкім білмес,
БОМЖ-дықтың барлығын сезіп-білем.
Кірістен бе, немесе шығыстан ба,
Келмей кетті тірлігім ұғысқанға.
Ешбір адам естіп-білмей-тұғын,
Сыр аулайды жүрегім дыбыстан да.
Жолықтырған Тəңірім нұрлы күнде,
Сенен басқа ашамын сырды кімге?
Бар əйтеуір жан ұқпас беймазалық,
Менің, мынау, күйгелек тірлігімде.
Тоса-тұғын мезгілсіз бір сынды алдан,
Сезем жалқы жанымда күрсін қалған.
Түнгі аспанда тұңғиық жымың қаққан,
Көз алдымда жұлдыздай тұрсын, Қарғам.





Пікір жазу