Күз
І
Тағы да келіп қапты-ау Күз, қарағым,
Бойымды алып тұрды сыз бар ағын.
Тұз қуып кеткен атан сияқтанып,
Сен неге сонша, көке, түз қарадың.
Айнала ұшқан қимай қаздай көлді,
Бөктеріп қанжығаға жаздайғы елді, –
Қонысты теуіп жатыр қоңыр қонақ,
Өкпе өтті ылғал ұрды қазбай белді.
Жаз, шіркін, қалай ғана қалды көрмей,
Ағады сарша сағым жалды керней.
Жел есіп тұр далада қаңбақ қуды,
Қытымыр Күз қылыққа салды дердей.
Көрініп қалғандай ма қыс құлағы.
Түтіннің түбін тартсаң ыс шығады.
Булығып бұлт буған басыр аспан,
Төге алмай жасын неге қыстығады.
Мұз қатты жыланқабық қына қаққа,
Сырғыма сынап мезгіл сына қақпа, –
Ана бақта бір қызды алдап кетіп,
Бір қызбенен сүйіскем мына бақта.
Қаға алмай кірпік басты қырауды да,
Сезініп өзін жайсыз тұр-ау құла.
Айналып ауыл жақты өтті жаумай,
Көңілсіз көшпе бұлт қыр ауды да.
Мұңды ешкім сезінбестен көзімдегі,
Сап-салқын соғып өтті сезім легі.
Сыбырлап құлағыма бір періште.
Күз емес Күз дегенің өзің деді.
ІІ
Келетін сөгілдіге көш іргесі,
Өксікті желді желең жесір деші.
Күз емес Күз дегенім сезінгенім,
Менің көңіл күйімнің көшірмесі.
Жайына балық қалып аулап тұрған,
Құлады күн қабына аунап қырдан.
Қайқы төс қайық қалды жаға жайлап,
Жүретін қамыс тасып баулап Сырдан.
Көңілді жайлап алған нала емес пе,
Секілді күйген қанат ала кеште, –
Езуі дарияның көбіктенген,
Жайларды қай-қайдағы салады еске.
Қаран су қаптай керіп қырат-қырды.
Қорғасын бұлтты аспан жылап тұрды.
Кенеусіз қара жауын созылмалы,
Бұзады тыныштықты құлаққа ұрды.
Тораңғыл болып маған сая, басты,
Құшағын қараңғылық жая ашты.
Қабірді жалғыз-жарым тасқын шайып,
Етпесе жарар еді аяқ асты.
Болғанмен болмысымнан қалпым мықты,
Жайым бар топ ішінен жалқы үн шықты.
Қатулы кіді күздің қабағынан,
Сұмдық бір сезінемін салқындықты.