Көрсетпестен көңілсіз желкем қылық...
Көрсетпестен көңілсіз желкем қылық,
Қойынынан өргізіп еркем күліп, –
Түйе өркешті теңселген трамвайда,
Қалғып-мүлгіп келемін ертеңгілік.
Қарсы алмаса үйдегі жар бүлігі,
Ерке дерлік оның шын бар қылығы.
Үрме көңіл секілді алып-ұшпа,
Қылаулап тұр Құдайдың қарлы күні.
Куə етіп ақ самай ақпан шалды,
Нəн жастықты жастанып жатқан жалды, –
Кетіре алмай отырмын таңдайымнан,
Түні бойы тілінен татқан балды.
Көріп жасты кірпігін мұңға малған,
Түсті бір қыз есіме құмда қалған.
Үйреттің сен Алматы қаталдыққа,
Лайланды қаншама тұнба, жалған.
Қалған қыздай емес ол Сыр бойында,
Асылмайды жəне де құр мойынға.
Еске түсіп екеуі етек басты,
Сосын жарым состиып тұрды ойымда.
Құлап көктен ұп-ұлпа қунақ қырбаң,
Білем қаңбақ қашады тулақ қырдан.
Түйе өркешті теңселген трамвайда,
Менің емес біздің мұң шулап тұрған.