Қолаң шашы төгілген тарама, Қыз...
Қолаң шашы төгілген тарама, Қыз,
Бұлай мұңлы көзіме қарамаңыз.
Жауынымен, сонан соң дауылымен,
Күпініп келіп қалды сары ала Күз.
Ымырттай қызыл қарын кешті ілетін,
Мен он сегіз жаста едім ес білетін.
Сен он бесте ең соғылған қоңыраудай,
Сыңғыр-сыңғыр күлкісі естілетін.
Орға келді оралып талма белге,
Елгезектеу есетін шалма жел де.
Жатып алып қалада тас қамалдай,
Сол бір кезді аңсаймын қалған елде.
Жия алмастан еркіндеу Ай қанатын,
Сыр бұрқанып, тоғай да шайқалатын.
Жаңбыр қысты бұлттай булықпалы,
Бір қорқыныш көзіңнен байқалатын...
Жазды ұзатып, табиғат, ыз басқанда,
Көңіл күймен келетін қыз қашқанға, –
Оқыстан жасын атып, ұшқыны ұшқан,
Көзіміз адасатын күзгі аспанда.
Жауыны мен дауылы түйіскен Күз,
Қашып шығып аяңда үй іштен біз, –
Түсініп бір болмайтын сезімменен,
Шын ғашықтар секілді сүйіскенбіз.
Аңғартып көзден бұлбұл ұштың нені,
Қарғадан басқа ауыр құстың кемі.
Тозыңқы тоғай жаққа жап-жалаңаш,
Қыр жақтан есіп тұрды қыстың демі.