15.05.2022
139
Көк нөсер үшінші күн тиылмастан...
Көк нөсер үшінші күн тиылмастан,
Жатырмыз кезді өткізіп қиын бастан.
Шелектей түбі тесік күйді кешкен,
Қалаға жауын болып құйылды аспан.
Күз деген киіп алған кимешегін,
Имей-ақ қойсын басын имесе күн.
Жалғанда жары Құдай жалғыз-жарым,
Жетімдей көзін сатқан күй кешемін.
Не қылсын кей кездері күлкің кемін,
Үзердей созылмалы бір күн демін, –
Жүректей дір-дір еткен жапырақпен,
Ойнайды мысық-тышқан, шіркін, желің.
Қозыдай қыста туған кебе күнде,
Көмусіз келмейтұгын өлетінге, –
Мен ғана емес бүкіл Қазақстан,
Тынымсыз тұрмыз шулы жел өтінде.
Ал, айтшы бар алатын нең байыптай,
Қойды ғой кедейліктен ел де айықпай, –
Аумалы-төкпелі кез лықсып келген,
Төңкеріп тастамаса жел қайықтай.