15.05.2022
  139


Автор: Аманхан Əлімұлы

Терісқақпай

Жүрегімді шалдырып ыздай мұңға,
Болмаса да от-жалын қыздай мұнда, –
Тоңазыған жанымды жылытамын,
Сəулесіне солғындау күзгі Айдың да.
Көңіл күймен қапалау шешпе жейде,
Өзіммен өзім қалып кешке кейде, –
Жантақтай жалғыз-жарым жарға біткен,
Беріліп отырамын еспе гөйге.
Еспе гөй дегеніміз жел емес пе,
Содырдай соқтығатын келе көшке.
Басылып қалған тайып бастан бағы,
Бүгінде жоқ ұрда-жық ел егеске.
Жаттан да қалың қауым бауыр күткен,
Күн кешіп жатқан жоқ па ауыр, тіптен.
Ел-жұрттың бітеу тамақ тіршілігі,
Есектің арқасындай жауыр біткен.
Жантақшыл жаннан безді жардағы ізге,
Отырмын куə болып арма күзде.
Безбенге сала-тұғын салмақ тартты,
Қазақы қалып елдік бар ма бізде?
Құрдымға құлдыраған құлатпа арна,
Тартылған тас табанды бұлақтар да.
Көтеріп жүре-тұғын баспен бірге,
Қазақта ауыр дейтін тұмақ бар ма?





Пікір жазу