15.05.2022
  118


Автор: Аманхан Əлімұлы

Кездесу

Теңселтiп əнтек самал естi қауды,
Булығып бұлт буған кеш жылаулы.
Елеусiз естен қашан шығып кеткен,
Қуғаның ұят болды-ау ескi дауды.
О кезде буыны босаң балаң едiм,
Ойыннан таба-тұғын санам емiн.
Мен болсам жұмысым жоқ ештемемен,
Сен болсаң со бiр қызға алаң едiң.
Басында тұрған жандай құламаның,
Есiмде көздiң жасын бұлағаның.
Нелiктен Айна сыртқа шықпады деп,
Сонда сен неге менен сұрамадың.
Мысалы, күйiн кешсек дөңгелектiң,
Уақыт қуған оны желдегi екпiн.
Шешiлмей со бiр сауал со бiр кеште,
Ауылдан сен де кеттiң, мен де кеттiм.
Қылық қой бiле-бiлсең ұғар бастан,
Құйындай мiнезбенен құм арбасқан, –
Əжесi Айна қызды сорымызға,
Үйiнен қойған едi шығармастан.
Кiм алған дейсiң со бiр қалпын қалап,
Сынық өң Ай да туған салқын қабақ.
Сен менен көрдiң оның шықпағанын,
Шоршыды тұнық Сырда жалқы үн-шабақ.
Қу самал қуып қауды сайдан бездi,
Сондағы салып еске қайран кездi.
Бекерге қоздаттың-ау ескi дауды,
Аспанға қарап тұрып айран көздi.
Менiң де кеудем шулы тоғай күзгi,
Сенiң де кеудең шулы тоғай күзгi.
Уақыт алып кеткен жолай қызды,
Қалайша тауып алды оңай бiздi.





Пікір жазу