15.05.2022
  131


Автор: Аманхан Əлімұлы

Тып-тыныш тiршiлiкке ұласқан ба....

Тып-тыныш тiршiлiкке ұласқан ба,
Салқын күн сабыр басты тұр аспанда.
Жамырап жапырағы жатқан талға,
Мұндайда не жетедi сыр ашқанға.
Жабыңқы-жұтаң жеген көздi реңi,
Ауырлау еңсе басты кез бiр едi.
Тоқымдай тозған тоғай мұңды шулап,
Күрең қабақ күз лебiн сездiредi.
Мысалы, шымши қашқан балдыз жел ме,
Мап-майда толқыннан қалды iз көлде.
Қутаң қыз қунақ қағып қас қағымда,
Шығаннан шыға келдi жалғыз белге.
Емес ем көп жастардың селтең бiрi,
Көңiлдiң кетер ме екен еркем кiрi...
Көзiмнiң құртын жей-жей бiтiрмегей,
Томпиған төсiндегi өртеңгiрi.
Кездескен таныстай-ақ бiз бұрыннан,
Өрiлген аумай жатыр iз бұрымнан.
Бүгiнде өттi-кеттi соның бəрi,
Жаздың жасыл бағындай күзге ұрынған.





Пікір жазу