15.05.2022
  137


Автор: Аманхан Əлімұлы

Ауылға барғанда

Қызылын жиып-терiп тiзген белдiң,
Мен саған жалғыз емес күзбен келдiм,
Мап-майда толқынына қызығамын,
Бетiнде қуаң шөптiң жүзген желдiң.
Күн ұзақ ат үстiнде өткiз мейлi,
Сiңiр соқпақ сорабы жеткiзбейдi.
Күрмек басқан күрiштiң табанындай,
Көкжиек сорған көзiм көктi iздейдi.
Түскендей дарияға жар салмағы,
Бiр дiрiл жүрегiмде бар талдағы.
Жапырақ сияқтанған күздiң күнгi,
Қатпа шал қалбаң қағып қарсы алмады.
Қарсы алмады Құралбек құрдасым да,
Арнаған ала құйын жыр жасымда.
Қайғы-мұң қызымменен қырын келген,
Жетерлiк емес пе едi бiр басымда.
Үйректей су бетiнде ирек салған,
Тұрсың-ау сенде бiздi илеп жалған.
Кiмменен толтырамын шырақтаған,
Орынын жеңгелердiң сиреп қалған.
Бұл тiрлiк емес пе екен жылау бастан,
Менiң де самайымды қырау басқан.
Мұрынын шұқып тұрған ана бала,
Өзiмнiң көшiрмемнен тұр аумастан.
Келiспе жоқ шаруам, келiс тiптен,
Елiме келдiм десем ең ыстық мен, –
Бұрынғы ауыл, содан соң сүйген кей жан,
Кетiптi-ау аспан асып кеңiстiкпен.





Пікір жазу