15.05.2022
  153


Автор: Аманхан Əлімұлы

Еркіндік

Кей кезде тұрады ыз атып,
Өмiрде сор-қайғы.
Ұшырып жiбердiм ұзатып,
Тордағы торғайды.
Бостандық берiлдi босама,
Ұша бер, қанаттым!
Жоқ деме тiрлiкте Қосаба,
Ажалы жаны ақтың.
Ыстықты, аязды сезiнiп,
Ұшпаған құс кем бе?
Алланың, кетермiз көз iлiп,
Назары түскенде.
Əзiрше ұша бер, ұша бер,
Бағыңды ашқанда.
Қасiрет-қайғыдан құса жер,
Қарайды аспанға.
Тордағы торғайдай өзiм де,
Күндiктiк күй кешем.
Əсерi болмаса сезiмге,
Өмiрдi сүймес ем.
Көрсетiп тамсанды таң қылық,
Десек те кие едi, –
Еркiндiк адамға мəңгiлiк,
Өлгесiн тиеді.





Пікір жазу