Көңіл күй
Тiрлiк емес тiрлiгiм тұсау кiлең,
Өтiп жатыр өмiрiм түс аудымен.
Сыртта шiлде, түсiме қар кiредi,
Қағып тұрған есiктi қыс-ау бiлем.
Мұңым менен шаттығым арбасқан ба,
Тiршiлiгiм ұқсайды қар басқанға.
Етегiмнен тартады ербең бiреу,
Жарбаң бiреу жағама жармасқанда.
Тас атқанда бiр есер сезiм көлге,
Көңiл шiркiн көк дөнен көз iлген бе?!.
Сақтап тұрған шарапты бұзбай ұзақ,
Тығын менен бақытты сезiнгенге.
Бастырмайтын құйрығын бұлаң желмен,
Қызылқанат таң атты қылаң белден.
Ұзақ сонар ой ұшы ұстатпайды,
Қутың түлкi секiлдi сылаң желген.
Ойламаймын бүгiнде тойымды алғы,
Жұтаң жұртта ел көштi ойым қалды.
Жаратқанға жарасқан жалғыздық та,
Уытындай шүйгiннiң бойымды алды.
Бiлем мезгiл қолданған шара бiзге,
Сұйық тартып ел кездi барады iз де.
Үлкен жолдың бойында Алла жазды,
Өле-тұғын шығармын қара күзде.