15.05.2022
  203


Автор: Аманхан Əлімұлы

Көңiлiмдi болса егер ұғар кiсiң...

Көңiлiмдi болса егер ұғар кiсiң,
Қалған алыс қолтықта құмар құсым, –
Қамыс аралас балшықпен жапқан үстiн,
Жатаған там жадымнан шығармысың.
Шибөрiлер ұлыған iргесiнде,
Қараша ауыл жанымда жүргесiн бе?, –
Көрем жиi түсiмде қалғып кетсем,
Сыры, құмы, тоғайы, бүргесiн де.
Көшiрiп көкiрегiме желең желiн,
Сезiнiп ғұмырлыққа келем демiн.
Сағыныш сары уайым сартаптанған,
Аңқыған жусан исi белеңде емiм.
Мезгiл туып ұйықтатпас жарғақ қақты,
Ерауды жас елдi аңсап сарнап бақты.
Қамсыз қаңбақ секiлдi жел айдаған,
Өте шыққан өмiр-ай қармақ қапты.
Алып қашпа түбi бiр аптығым да,
Басылған соң дембасар шаттығым ба?, –
Отырамын оңаша ауылды ойлап,
Жан түсiнбес берiлiп тəттi мұңға.
Болмайтынға қоздырып дауын қақпа,
Қарамайтын көңiлге қауым қатты, ə.
Қоңыр қошқыл жапырақ құлағымды,
Жиi салып жүремiн ауыл жаққа.





Пікір жазу