meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  14.05.2022
  196


Автор: Аманхан Əлімұлы

Ауылға барғанда

I
Келе-тұғын көрініске іш-бау десті,
Қарақұрым қарайған сұсты-ау кешкі.
Жатаған там ана бір таныс маған,
Таныс маған мына бір қыстау да ескі.
Күндіз-түні аңдыған ала көзді,
Қылықпенен күн қақты дала кезді, –
Жар жағалап ойнаған қуаласпақ,
Түсті есіме бал шағым бала кезгі.
Жағасында тұрмастан жасып жолдың,
Жастық қанша арнаңда асып-толдың.
Ана жерде отырдым балық аулап,
Мына жерде бір қызға ғашық болдым.
Табанымнан сезбестен сыз өткенін,
Əлі есімде қыз үйін күзеткенім.
Өмір өте шығыпты өтпе желдей,
Жүргенде іздеп жүректің біз өткелін.
Жат жұрттық боп кетудің алды ма еді,
Білмей тұрмын есіне салды нені, –
Бірі танып тұрғанда күлімсіреп,
Енді бірі танымай қалды мені.
Мауқын басып көңілім жайлана ма,
Келгенім жоқ, білемін, қайманаға.
Көріп тұрған сияқты соңғы рет,
Мұңлы көзбен қарадым айналама.
II
Қыс кетпесе, көктем де келмес еді,
Жатып алған сал бөксе сел көшеді.
Баяғыдай күлімдеп күміс Күн де,
Баяғыдай желбегей жел де еседі.
Жан жылытқан жылы бір ескен леппен,
Бойжеткеннің көзіне көшкен көктем, –
Жанарды арбап, көңілді қаузай берді,
Сиқыр еді көкейді тескен неткен.
Сусып аққан ауылдың жайма құмы,
Салған еске қайдағы-жайдағыны, –
Өтті-кетті өмірдің өзіндей-ау,
Шағалмассың мұң етіп Айға мұны.
Көңілменен келетін дабыл қаққа,
Ұшпа мінез көрсетпей сабыр сақта.
Бір ауылдай қалыпты болып, əне,
Қарайғаны көбейген қабір жақта.
Салқын алып тал бойын қыр күзіңнен,
Ашып тұрған түймедей нұр жүзін мең, –
Сүйіскенім есімде Ай астында,
Үрдей ұяң, ауылым, бір қызыңмен.
Судай сіңіп келетін кетедіге,
Уақыт, шіркін, із-түзсіз өтеді ме?
Сырға батқан қайықтай, өткенді аңсап,
Тəтті мұңға батқанға жетеді не





Пікір жазу