14.05.2022
  113


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қазақстан, көктемің қайда кетті?

Бұлтты буған бұла жайма көкті,
Суық жел суыт соғып айдап өтті.
Сыртта Сəуір, сонда да қар жауып тұр,
Қазақстан, көктемің қайда кетті?
Қуанғаннан ататын бөрік деп пе ең,
Қыстан ел-жұрт жүргенде жеріп көптен, –
Қандай қадір бар дейсің қарда қазір,
Жерге түсіп болмастан еріп кеткен.
Осы болса жазғаны пешенеге,
Қытымыр қыс ызғары есе келе, –
Өткінші жел сияқты өтер-кетер,
Соққанымен тынбастан неше, өле.
Жайламай жайлауындай жайма көкті,
Қазақстан, көктемің қайда кетті?
Шуақты Күн күліп бір берші қыздай,
Сал самал сен де есші майда лепті.
Қарамай көпке түскен арашаға,
Қаншама қырын тағдыр қараса да, –
Көктемді аяқтанып келе жатқан,
Қыспаққа алу қысқа жараса ма?
Қалайша сені, Ей, қыс, бақ санайын,
Сəуірге үндес емес ақ самайың.
Неліктен жер жастанып жатып алдың,
Тағынан түспей қойған патшадайын.





Пікір жазу