14.05.2022
144
От басып тобық шалған қырды құба...
От басып тобық шалған қырды құба,
Жайылып жайлау кезді жүрді құла.
Шелектеп жаңбыр құйып кететіндей,
Көк төсін бұлт буып тұрды бұла.
Аспанға қарап тұрдым аңтарыла,
Қарамас қапы қалды қам-қарыңа.
Көрінбей күн де кетті күміс жалды,
Атқандай болғанменен таң сарыла.
Адамдай көңіл күйін мұң бір басты,
Жел қақты жапырақтар сыбдырласты.
Үзіліп түсті көктен түйір тамшы,
Келтіріп көз алдыма, құрғыр, жасты.
Қабағы ашылмастан тұрған аспан,
Кеудемді жанға ашпастай сыр ма, басқан?
Ой легі ұстатпайды ұрын келген,
Түлкідей қылаң ұрып қырға қашқан.
Өзіңде болғанменен өз ермегің,
Сен менің бұ күйімді сезерме едің?
Шелектеп жауын күткен ұшпа қиял,
Құдайдың бұлт буды кезер көгін.