14.05.2022
  248


Автор: Аманхан Əлімұлы

Жатар жерге оралсам ішіп кешке...

Жатар жерге оралсам ішіп кешке,
Ұмтылатын еркелеп күшік төске.
Үй иесі жақтырмай қарсы алатын,
Əрекеті келетін пысық деске.
Іш пыстыға саятын ойыны ма,
Асылатын мас достай мойыныма?
Тұрып артқы аяқпен нан тілейтін,
Шек болмастан шіркіннің тойымына.
Таппай кетті-ау дегендей бұл үй тыным,
Алып түнгі тынышын ұлы ұйқының, –
Əлденені сезгендей ішін тартып,
Көкке қарап кейде ол ұли-тұғын.
Бұдан өткен көңілсіз күй табам ба,
Дос десек те қаншама ит адамға, –
Үн шығарар еді бір сəл-пəл мұңды,
Бұйра жүнді басынан сипағанда.
Күткін мейлі күтпегін бүлікті алдан,
Өтер-кетер дегендей күлік жалған, –
Жас көруші ем көзінен дөңгеленген,
Таңғы шықтай сап-салқын тұнып қалған.





Пікір жазу