14.05.2022
  186


Автор: Аманхан Əлімұлы

Күз

Неге сонша қарғалар қарқылдайды,
Көре алмай-ақ қойдық-ау тартымды айды, –
Ей, қара күз жайсыздау ескен желі,
Тимей ме деп қорқамын артың жайлы.
Кеше Ай да мезгілсіз туды жайсыз,
Көрсем деймін айдында қуды лайсыз.
Жапырағы тоналған күзгі бақта,
Тыңдап үнсіз отырдым шуды ыңғайсыз.
Ей, табиғат, болмасаң өзің емі,
Күздің кірбің кірпігі сезіледі.
Қыздай бойын ұйқы алған ерте кеште,
Көкірегімде тəтті мұң көз іледі.
Қарай-тұғын бір мезгіл күліп көктен,
Күн көзі де сап-салқын бүлік бөккен.
Сына қағып ауаға, ауа көшкен,
Тырналардың дауысы тұнық неткен.
Өтіп бойдан мезгілдің сұмдық намы,
Қалғандай бір сусыма құмдық қамы, –
Күз көңілді қаузаған қапа қысып,
Көзімдегі тұнған бір мұңды ұқпады.





Пікір жазу