14.05.2022
  170


Автор: Аманхан Əлімұлы

Арақты бір адамдай шайқап едім...

Арақты бір адамдай шайқап едім,
Кім енді оның, досым, айтады емін?
Көзімде мұң табындай тұнып тұрған,
Жастығым оралмайды қайта менің.
Жетпейтін бір қайнауы шала жай-ақ,
Уақыт ұрын келсе қала ма аяп.
Тоқымдай тозған тоғай ішінде мен,
Шық кешіп жүгірмеймін жалаңаяқ.
Өткізіп бойдан, о, Күз, жауыныңды,
Сыңсиды дарияның қауы мұңды.
Желең бір жел айдаған қаңбақтай-ақ,
Қалайша қиып кеттім ауылымды.
Қызға да қаратпастан іргедегі,
Ұлы арман бастап кетіп бірде мені, –
Жіберді қосып қала у-шуына,
Жанымды жаулап алып дүрбелеңі.
Жел соқса шайқалмайтын шынар бекем,
Жайымды жайма көңіл ұғар, көкем.
Қамыспен жапқан үстін жатаған там,
Жадымнан өле-өлгенше шығар ма екен.
Сонау бір бала кезгі қалпым ба, анық,
Жетеді құлағыма жалқы үн талып.
Ауасы жетпей маған ауылымның,
Тас қала танытады салқын қалып.





Пікір жазу