14.05.2022
  198


Автор: Аманхан Əлімұлы

Балықта

Күн шықты ұясынан жалқынданып,
Табиғат танытса да салқын қалып.
Отырмын қармақ салып қаран суға,
Ойымда ұстап алу алтын балық.
Құс-құтан арылмайтын тағы үстінен,
Жан-жағы қоға, жалды қамыс кілең.
Тіршілік жүдеу-жадау сезіледі,
Өмір де өтіп жатыр бағы ұштымен.
Балалар бастан ұрып басынғалы,
Күшік те күрсінеді қасымдағы,
Жайсыздау су бетіне тиіп тұр-ау,
Желікпе желдің келіп қасынғаны.
Бір сурет көз алдына келтіргенде,
Еріксіз есі кетіп елтір кім де...
Мысалы, тоғай шулап, құс сасқаны,
Келеді қыз етегін жел түргенге.
Келетін тораңғылдың бүртігіне,
Бір сырды бүкпе көңіл іркіді ме? –
Кетердей батып суға қағып қалсам,
Қалтқы тұрды ілініп кірпігіме.
Табиғат манағы бір қалпың қалып,
Алды, əне, кешті қылаң жал қымтанып.
Келемін үйге қайтып, Ай да туды,
Секілді ұстатпайтын алтын балық.





Пікір жазу