14.05.2022
  134


Автор: Аманхан Əлімұлы

Не жылау мынау, жылау болғанда боз бұлау,

Не жылау мынау, жылау болғанда боз бұлау,
Көкірегімдегі бүккен бір сырым қоздың-ау.
Қара күз келіп қарғалар басты қарқылға,
Желменен бірге мұңлы бір сазды созды бау.
Сағыныштай-ақ бүк түсіп жатқан сары дөң,
Қозғады-ай келіп əлде бір жайды əріден.
Басы піспеген іс болатын болса баладан,
Асы түспеген үй болатын болса кəріден.
Ауылға келіп ауыртып тұрмын жүректі,
Кемпірді көріп, келіншек еткен бір епті.
Оның да ерні кемсеңдеп тұрды сеземін,
Менің де ернім жапырақтай-ақ дір етті.
Не деген жылау, жылау болғанда боз бұлау,
Жастығым қалған жайдарман жасыл тозды бау.
Əдемі қыздың кемпір болғаны бір түрлі,
Менің де шал боп тұрғаным сөзді созғылау.





Пікір жазу