14.05.2022
  260


Автор: Аманхан Əлімұлы

Мешіттегі қыз

Жап-жас қыз кезіктірген мешіттегі,
Иманның тұр жүзіңнен есіп лебі.
Кетті өмір тəтті болып құрма дерлік,
Аузыңнан Алла атын есіткелі.
Жарасып ақ көйлегің үстіңдегі,
Аңғарта, қарғам, тағы түстің нені?
Сеземін киелі үйде тұрғаныңмен,
Кешкенің күзге ұрынған құстың кебі.
Не жайдан өтті-кетті қағыс қаппын,
О, тірлік сыр ұштығын тағы ұстаттың?..
Көзіңде мұң табы бар, молдаға сен,
Құранды айтшы кімге бағыштаттың?
Сыр тұнды көл қылығың көзіңдегі,
Лықсыған сыртқа тепті сезім легі.
Женттей майға бөкті қам көңілің,
Шыдамы шың салмақты төзім бе еді?
Жаныңда бір дерт барын сезінемін,
Табарсың Құдай қолдап өзің емін.
Таң қылып қойған қызға о, іңкəрлік,
Не деген құйын қылық сезім едің.
Айналып өтті сезем бұрын кей сын,
Тірлікті о, мұңды қыз құрым дейсің.
Сезгенім, тұрғаныңмен мешітте сен,
Күздегі жапырақтай дірілдейсің.





Пікір жазу