14.05.2022
  135


Автор: Аманхан Əлімұлы

Ұнату мен сүю

Көз ілмей шығып, кей түн біз,
Жеткен бір жері жетеміз, –
Куə етіп Айды дейтінбіз,
Тескен тау асып кетеміз.
Сондайда, сондай кез еді,
Тескен тауымыз Алматы.
Сол қыз боп жастық өзегі,
Жанымда жыр боп қалды аты.
О өмір қайта келер ме, ей,
Көңілді құсша күйді ілген.
Ұнатып мені ол өлердей,
Өлердей оны сүйдім мен.
Түспейтін тауып жолға өзге,
Тұрушы ем үйін күзетіп.
Махаббатыма сол кезде,
Кетті ме, əлде, сыз өтіп.
Алладан өткен күшті не,
Құдіретіне қараңыз.
Араға жылдар түсті де,
Суысып кетті арамыз.
Ұнату менен сүюдің,
Көк пен жер екен арасы.
Қашқаны болар қиюдың,
Махаббат өлді, қарашы.
Ұзатылып кетті ұзамай,
Берілем қазір ойға өзге.
Ұйқымды түнгі бұзады Ай,
Сол қыз боп туып кей кезде.
Махаббат өлді, қарашы,
Қашқаны шығар қиюдың.
Жер мен көк екен арасы,
Ұнату менен сүюдің.





Пікір жазу