14.05.2022
155
Қиық қасты қанаттай қағасың да...
Қиық қасты қанаттай қағасың да,
Кездестік деп мұң кештің тағы осында, –
Еске түсіп сүйіскен кездеріміз,
Дарияның су жеді жағасында.
Бойымдағы таусылып төзім тегі,
Лықсып шығып жүректен сезім легі, –
Сыршыл Сырдың толқыны сияқтанып,
Мұңның табын қоздатты көзімдегі.
Жеткізбейтін ұштығы жол-ай сызды,
Таба алмайтын іздеген оңай бізді, –
Мен он сегіз, сен онда он алтыда ең.
Тозбаған кез тоқымдай тоғай күзгі.
Қайтқан көкті сыналай құстың легі,
Аңғарта сен тағы да түстің нені?!
Аспан жақтан жанымды жауратардай,
Есіп тұрды жайсыздау қыстың лебі.