14.05.2022
  339


Автор: Аманхан Əлімұлы

Батпырауық

Естен шығып шық кешті шақ бір ауық,
Құлын мінез басымнан бақ тұр ауып, –
Ұзын жіптің бір ұшын ұстап тұрып,
Жылан құйрық ұшырған батпырауық.
Тілдескендей біреумен аспандағы,
Толқыр еді көңілдің тасқан бағы.
Кеңістікті кере ұшқан бала қиял,
Уақыттың ұстатпас қасқалдағы.
Батпырауық жел қақты ауа керген,
Балалықты табылмас дауа дерме ең.
Күндерім де бүгінгі, мəселенки,
Жайсыз салған тоқымдай ауады ерден.
Үмітпенен қарайтын əр ақ таңға,
Сусыма өмір артыңа қаратқан ба?
Үшбу хаттай көруші ем оны кейде,
Ақ тілекпен жолдаған Жаратқанға.
Жүре-тұғын ұйқымды бұзып көптен,
Оралмайды қайтадан жүзіп-көктен, –
Менің бала шағымның бір тамырын,
Батпырауық алысқа үзіп кеткен.





Пікір жазу