14.05.2022
  150


Автор: Аманхан Əлімұлы

Өтті бастан неше бір жай құсалы...

Өтті бастан неше бір жай құсалы,
Жұбатар көңілімді қай құс əні.
Жел тербеткен айдынның түбіндегі,
Дір-дір еткен ерінің Ай, мысалы.
Кездестік біз көңілсіз енжар күзде,
Е, Жаратқан болагөр сен жар бізге.
Жалғыз ағаш жайды ма жапырақты,
Бітіп аяқ тимейтін нең бар түзге.
Ауада да дымқыл бір сыз бар, білем,
Тығылатын құшаққа қыздар кілең.
Жалғыз ағаш. Белес-бел. Сен екеуміз,
Ұзамай-ақ жамылар мұз-қар сілем.
Мен, ол... Сен үшеуміз келдік қайдан,
Тірлігіміз аумастан желдік жайдан.
Кетуіміз керек-ау, сірə, біздің,
Ақ қайыңдар тербелген ендікке, Айнам.
Асқан жолдың үстінде тұрмыз жардан,
Шақырады біздерді бір ізгі арман.
Қара суық қабынып қағынғанмен,
Бақпай-тұғын сияқты қыр міз, қарғам.
Етек-жеңін жел түрген бұла күзде,
Кетіп тынсақ ақыры мына біз де, –
Сенің, менің жанымдай жапырақты,
Жалғыз ағаш қалмай ма, құла түзде?
Ел қарамас бақыты тайғанда ерге,
Аспан мəңгі мекені Ай қам жер ме?
Бізді қайдам... Тік тұрып құлайды анық,
Жалғыз ағаш жапырақ жайған жерде.





Пікір жазу