Бойы кеткен үйреніп шуға, мына....
Бойы кеткен үйреніп шуға, мына,
Көңіл, шіркін, жоқ-барды қумады ма?
Өзімменен қалғанда өзім кейде,
Қуанамын ауылда туғаныма.
Салып мұздай алаңсыз қар мойынға,
Ерік беріп қыз-жігіт жарда ойынға, –
Жүрген кезде, жататын Сыр суытып,
Табиғаттың салқыны бар бойында.
Ай сəулесі ілініп тораңғылға,
О, туған жер ақ қарға орандың ба?
Сирек келер ашуы кең адамдай,
Анда-санда соғады боран мұнда.
Тауысардай адамның су шыдамын,
Кезіп Сырдың жағасын у-шу ағын, –
Қыс көрсетіп кей-кейде қытымырлық,
Құтыртып бір қоятын қу шұнағын.
Кіді мінез көрсетіп бақтан безін,
Шытынап бір тұрғанда ақпан көзің, –
Аспай-саспай ауылдық мінезбенен,
Күн райын есімде баққан кезім.
Өткеніңнен қол үзіп кетпей бекем,
Сағыныш та аңсаудан көктейді екен.
Алаңдай беремін мен ауыл жаққа,
Тұрғандай əлдене бір жетпей, көкем.