Бұлдыр-бұлдыр ойнаған құба сағым...
Бұлдыр-бұлдыр ойнаған құба сағым,
Сүйемін мен ауылдың бұла таңын.
Кермек дəмді, иісі танауға ұрды,
Жусанын да, содан соң, ұнатамын.
Арман құсын қырандай ілгенімде,
Қадіріңді туған жер білмедім бе?
Сенде есімде баладай жылағаным,
Тағы есімде сəбидей күлгенім де.
Мерез мезгіл жаныма қаяу сала,
Тұрмын келіп басыңа аяулы ана.
Жатаған жусан жайлап қабіріңді,
Желменен тербеледі баяу ғана.
Қаз даусындай қоймайтын созбасыңа,
Дуалы ауыз індеткен сөз басы ма?, –
Жусан дəмі сияқты кермек атқан,
Еріксіз ерік бердім көз жасыма.
Көңілсіздік көкейді тесті күле,
Жинап енді жатқанда есті, міне.
Қарап тұрып көңілім құлазиды,
Жүдеу-жадау ауылдың кескініне.
Селеудей секем алған айыр басы,
Көңілдің бұл, қарағым, қай ырғасы?
Созылып кетті неге қазақ мұңы,
Секілді «Елім-айдың» қайырмасы.