Қалатын жылан қабық қақ жайында....
Қалатын жылан қабық қақ жайында,
Қытымыр қысқа келер бақ дайын ба?
«Қандай мұңды қоштасу жапырақпен», –
деп тұрғандай дірілдеп ақ қайың да.
Ілініп кірпігіме тұрған арай,
Қашады сумаң желмен қырға қарай.
Ана бір көш соңында бара жатқан,
Алар ма екен жолға тырна жарай.
Қалдырған артына дерт айықпастай,
Мезгіл де жатыр сырын жайып тастай.
Сап-салқын дарияның тұр астында,
Қалтылдап қаңтарылған қайық басты Ай.
Кешеден ашылмастан күз қабағы,
Жер салқын күй кешеді сыз тағалы.
Тінткілеп қойны-қонышын тоғайдың да,
Суық жел сумаң-сумаң із бағады.
Келмейтін тапты дерге аз-ақ тыным,
Басқалы қашан қайран жаз аптығын.
Кімдерге жүрдек уақыт тізгін қақты,
Қалдырып бара жатыр қазақ мұңын.
Алатын атам қамыс баулап Сырдан,
Түскенде қоңыр бір күз аунап қырдан.
Жағада жалғыз-жарым қалған үйрек,
Жаным сен емессің бе, ей, жаурап тұрған.