14.05.2022
129
Жалғыз тырна
Күз деген қанат жайып қырда маусым,
Қақпанын қайтқан құсқа құрған-ау шын.
«Елім-ай» əніндегі мұң сазына,
Мысалы, ұқсатамын тырна даусын.
Шұбырма шуда бұлты араласқан,
Тарылып талма түсте бара ма, аспан?
Шынымен кеткенің бе, ей, сырық мойын,
Соңыңа қайрыла бір қарамастан.
Бойына шақтап жинап бізге арнарын,
Қалатын шығар қармап Күз қармарын?
Қаншама суық ұрса тоңған жерден,
Соншама сезем көкте ызғар барын.
Соңыңа қарамасаң қарамағын,
Жанымды келмесе де жаралағым, –
Жүзімді шайып дымқыл ауадағы,
Шашымды салқын желмен таранамын.
Сыз өтті куə етіп құла түзді,
Е, Алла, тезге салып сына бізді.
Ей, тырна, сен де жалғыз, мен де жалғыз,
Жайсыздау қарсы алдық-ау, мына, Күзді.