![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-05-14-15-26-21.png)
Оралу
Өлең – Менен,
Мен – Өлеңнен алыстап,
Біраз болды кеткелі.
Өйткені –
Тағдырына Ол да, Мен де өкпелі…
Неліктен?
Бұл бір сұрақ ауыр тіпті өліктен.
Соны ойласам сырқырайды сүйегім,
Қарғыс айтып күндеріме – желіккен.
Уақыт тұрса «Өмір – əлі алда…» деп,
Шабыт тұрған «Серме қанат, талма!» деп.
Қалай ғана көштен қалдым көз жазып,
Бастап ем ғой, «Я, бере көр, Алла!» деп.
Қалай ғана өзімді өзім таптадым,
Көрмей күннің үнсіз бара жатқанын?!
...Жанұшырам,
Жүрегімнің жадынан,
Өшіре алмай сайқал тағдыр дақтарын.
Арма! – деуге Ақиқатқа бата алмай,
Тұншыққам мен тас төсекте жата алмай.
Түн қойнында дөңбекшігем,
«Кіммін?» деп,
Көлеңкесі ғайып болған адамдай...
Ардың қаны жүріп тұрса денемнен,
Қалай ғана бұл қорлыққа көнем мен?
Қалай ғана серлемегем сорымды,
Мен ажырап баратқанда Өлеңнен?
Айтпасам да Ардың сөзін кесімді,
Жырсыз бетке бұрғам талай көшімді.
Енді міне,
Есем кеткен шақтарым,
Жары ортада жинатып тұр есімді.
Қош бол! – дейін күндерге енді жалыққан,
Қалсын қайғы ізден қалмай жаныққан.
Сан аңсатып,
Атты міне, ақыры,
Сатқындықты сүймейтұғын Жарық таң!
Өксі, Өлең,
Көңіл кірін жасырма,
Бір шер тарқат аяу білмес Ғасырда!
Жырдың жаны, Ардың қаны болып жет,
Көр кеудесін түн жайлаған басырға!