14.05.2022
127
Жігерлендіру
«Мұздар кілең – жатып алған жолымда,
Құздар кілең – оңымда да, солымда.
Өтіп бара жатқан сын-ды бұл ғұмыр,
Аттың жалы менен атан қомында?..»
Дейсің неге өзіңе өзің налынып,
Өмір кімге серік болды жалынып?
Сергектердің санасынан бұл сауал,
Қалған, досым, əлдеқашан алынып!
Үздік-создық мынау пəни көшінде,
Келу қиын өзің жайлы шешімге.
Уайымға тізгін берген жандардың,
Қиналғаны қалады көп есінде.
Тани біл сен «анау» менен «мынауды»,
Айыра біл Бықсық пенен Алауды.
Болғандықтан Қайғы демі тым ұзақ,
Қуаныштың сағаттары санаулы!..
Шыңға қарап Қырандардың көзімен,
Биіктіктің не екендігін сезінем! –
Дей білгендер –
Мəңгілік боп жайнайды,
Қас қағымдық қуаныштың өзінен!