14.05.2022
163
Мұрттан күліп, мысқыл шашып қу шаһар...
Мұрттан күліп, мысқыл шашып қу шаһар,
Ұрттап ал деп ұсынады у – заһар.
Несіне енді елеңдейсің ел іздеп,
Тар лақатқа түспей тұрып тулап ал!
Қамығардай көзіңе не көрінді,
Тулақ төсеп көркейтіп ал төріңді.
Ойға батып ор таба алмай қалар деп,
Сен келмей -ақ қазып қойған көріңді!
Маңғаздардың мақұл көрмей мысқылын,
Көктем іздеп көкке кеткен Құс күнің.
Өртке айналмай өкіндірді- ау ақыры,
Ұлылардан ұрлап алған ұшқының!
Үрейі мол үлкен жердің үстінің,
Қайғысына қол созу да күш бүгін.
Ендігісі – қағазыңа көшіру,
Улапшулап жатқандардың ұсқынын!
Заулап кеп ең зауқың болмай басқаға,
Қалай екен, арай ма екен астана?
Бұл қалада бəлкім сен боп қаларсың,
Арам жемей Айға жеткен аш бала!..