14.05.2022
104
Шындық, сені...
Көкірегімде тербелсін деп Ар – Тұнық,
Намысымды жүрегіме Дар қылып;
Жанды түйіп шүберекке
Талай Мен –
Шындық, Сені іздеп едім шарқ ұрып!
Ал, Сен болсаң – Гүл екенсің шеттеген,
Күштілердің бақшасында көктеген.
Сондықтанда,
Сылаңдаған сайқалдай –
Дəл бүгінгі қалпыңды Мен жек көрем!
Шеңгел болсаң жемісі жоқ жеуге де,
Жарай ма олар сені «қайда» деуге де?
Біз емес пе ек құшаққа алып Өзіңді,
Тікеніңді кірш еткізген кеудеге?!
Шынымды айтсам, назам да жоқ, өкпем де,
Саған қояр бір сұрақ бар тек Менде:
Кімге қарап жаутаңдайсың
Күштілер
Бір күн Сені керек қылмай кеткенде???