14.05.2022
  115


Автор: Ахмет Өмірзақов

Бұлдырады-ау жанарым...

Бұлдырады-ау жанарым,
Шын жылады-ау қаламым, –
Айтқанына көнем деп,
Құлдыраған сананың.
Жырым шерге ұласып,
Көңіл кетті-ау құлазып.
Оңай тамды деймісің,
Көздерімнен мына шық?
Үркітем деп тажалды,
Қайыс-иық қажалды.
Шуақ шашқан дидарым
Шүберектей бозарды.
Ой – жоғалған оқтай бір,
Жұртта қалған шоқтай – жыр.
Өмір үнсіз өксиді,
Жүрек – жиі соқпай тұр…
Сезіміммен алысқан,
Жырақтады таныс маң.
Жарқылдайды
тек қана,
Найзағайлар алыстан.
Ада болса көктемі,
Өмірдің жөн өткені.
Түк бітірмей күл болдым,
Сол қинайды тек мені...
Тыншу беріп құлаққа,
Жоғалар ем жыраққа, –
Ер сала алсам, шіркін-ай,
Тəуекел деген Пыраққа!..





Пікір жазу