14.05.2022
  121


Автор: Ахмет Өмірзақов

Ұрғандай ұждансыздың қақ басына...

Ұрғандай ұждансыздың қақ басына,
Шарам жоқ шын сырымды айтпасыма.
Оңбай тұр гүлдей қурап жас ғұмырым,
Болмай тұр тірлік уын татпасыма…
Назарын салмағасын тектілерім,
Мазақ – үн түбіме ақыр жетті менің.
Бастаған ісім жанбай, бықсып жатыр,
Мен қашан найзағай боп көк тілемін?
Түйрелмеу үшін тексіз тебеніне,
Ырза едім атаукере жегеніме!
Іргемді аулақ салып реңсізден,
Көнбеп ем Ит-Тірліктің дегеніне…
Шынымен сұрбет күннің жеткені ме,
Қамсыз шақ қас қағымда өткені ме?
Қайғысы мүлде бөлек мылқаулардың,
Аяусыз айналдым-ау теппегіне!
Жанымда жақыным жоқ шын берілген,
Аңқиды тозақ исі үн – демімнен.
Бармақтай – жүрегімде – шоқ бар еді,
Сындырды-ау соған дəрет кім көрінген!
Төгілген жүрегінен жыр нөсері,
Бұл досың – бүгін күлдің бір кесегі.
Маңдайлы болып туған жігіт болса,
Иттер жеп сыбағасын жүрмес еді…
Бұлт басқан күннен қалай нұр жетеді,
Құт қашқан жерден түтін бұрқ етеді.
Жүрегі жұртқа бұрып соғатындар,
Қалайша бұл пəниден құр кетеді?
Жандай-ақ «өмірі – жаз» сайрап жүрмін,
Басымды неге болсын байлап жүрмін.
Сақтанбай, саспай, қашпай, сескенбей де,
Ажалмен аударыспақ ойнап жүрмін.
Мың іс бар шешілмеген бір басымда,
Періштем үрейленіп жүр қасымда.
«Бақиға сендей қайсар қажетсіз» деп,
Менімен қоштасты Ажал бір ғасырға!
Жан едім жұлдыз шашқан өнердегі,
Мен үшін Бақыт деген – көне ертегі.
Мың «қазақ» табытымнан теріс айналса,
БІР ҚАЗАҚ іздеп келіп көмер мені!!!





Пікір жазу