14.05.2022
  112


Автор: Ахмет Өмірзақов

Ісінгенмен көкірек аяққаптай...

Ісінгенмен көкірек аяққаптай,
Ісімнен мен жүрмін-ау тоят таппай.
Жүрегімді жүз қайғы жұлмалайды,
Алғашқысын соңғысы аяқтатпай.
Білгің келсе бұл күнде қандайымды,
Оюмен жүр тұзды су таңдайымды.
Иығым сыйғанымен басым сыймай,
Қапыға күнде ұрамын маңдайымды…
Жырымды ұққан жайымнан аңдар дерек,
Мына жұртқа күлкі емес, жанжал керек.
Жүдеген жүрегімді көрсетер ем,
Ол сыртқа шығу үшін қанжар керек!..
Жүргендей айналысып жорта мұңмен,
Жұртқа жыр оқуға да қорқамын мен.
Көңлінен қамсыздардың қалай шығам,
Ұғылмас қайғысызға сортаң үнмен?!
Апыр-ай, аңдағанға ақын ем ғой,
Мойныма жырдан дұға тағып ем ғой!
Өлеңім өз ортамнан аластады,
Бар екен көрмегенім тағы нендей?
Жоқ, əлде…
Қайғы деген сауысқан да
Жемтігін менен басқа тауысқан ба?
Яки… мен туылғанда ұйықтап құдай,
Біреудің соры маған ауысқан ба?
Ұқпаймын, ұға алмаймын осы арасын,
Жүйкем жүн – бір шегесі босағасын.
Күл қылған тас тұғырын төзімінің,
Жаббар-Һақ біздейді енді жасамасын!
Сөз айтсам көрді көрген адамдай-ақ,
Болғаны маған əрбір қадам – таяқ.
Жалғанның запыраны өртер бір күн,
Төкпесем Жүрек деген Отанды аяп!…





Пікір жазу