Ажалға арыз
«Кəріні ал, жасты əрқашан саламат қыл»,
Сөз емес, жүректегі жарақат бұл…
Үш Жанды Он Бес жылда алып тындың,
Ал, Ажал, осыған да қанағат қыл!
Үш рет құйыныңды айдап келдің,
Үш рет қылышыңды қайрап келдің.
Көл болып көздің жасы,
Жетегіңе
Екі Ана, бір Бауырды байлап бердім!..
Тағдырдың тас құшағын сезген басым,
Үш рет көл ғып төкті көзден жасын.
Неліктен қайта-қайта ауырлаттың,
Бақидың біз дегенде безбен тасын?!
Еткенмен болған іске шүкіршілік,
Барады қайғы – шайтан күпір қылып.
Екі рет келгеніңде үнсіз көндім,
Көрсеттім Үшіншіңде – бүгін қылық...
Заңына Жаратқанның шара бар ма,
Бұйрықты күні жерде пана бар ма?
Өртеніп өлең жазбай мен қайтейін,
Жанымда жазмыш салған жара барда?!
«Тілегім – деп жүргенде, – Тапты көкті!»
Қара түн шаңқай түсте жапты көкті.
Тосыннан, ту сыртымнан берген соққың,
Шынында, мына жолы қатты соқты!
Қаңқамды қаңбақ қылып лақтырдың,
Қаңтарда қара жерге құлап, тұрдым.
Тұрдым да,
Бағасы жоқ асылымның,
Мəңгіге жоғалғанын бір-ақ білдім…
Амал не, тағы қайта түргелермін,
Қайғыны көтерем деп жүрген ермін.
Алайда, осы жолы сан арманды,
Бейітке бауырыммен бірге көмдім…
Жатқанмен анасынан туып бүгін,
Талайға төрден көрі жуықтығын;
Сезіндім, ұқтым шындап,
Көрген кезде
Сұсыңның жан шошытар суықтығын!..
Тіріге төлеп болсам қарызымды,
Өтермін мен де бір күн парызымды.
Ей, Ажал, бір оқып көр,
есігіңе
Шерменен жазып кеткен арызымды!
Жалғаншы жымиғанмен «жарықпын» деп,
Шаттықтан, келіп тұрмын, «тарықтым» деп.
– Елу Жыл есігімді ашпай кетші,
Маңайын əулетімнің баспай кетші;
Тірліктің талқысынан қажып болып,
Темірдей отқа түскен жасып болып;
Барайын өз еркіммен араныңа,
«Баянсыз бұл пəниден жалықтым» деп!