![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-05-14-15-26-21.png)
Қабірстан жайлы жыр
…Құтылған қапалық пен жабығыстан,
Құтылған аңсау менен сағыныштан, –
Пенденің
Ғазиз жаны жай табатын,
Мəңгі үнсіз қала мынау Қабірстан.
Жер түгіл білетұғын атын аспан,
Қала бұл – Пəни, Бақи қатынасқан.
Біліп ал,
Үнсіз ғана қарсы алатын,
Гүлі бар – мұңды жасыл Адыраспан.
Ойланбау – кім де болсаң – күшіңе сын,
Көңіліңді сабасына түсіресің.
Өмірдің қысқалығын, нұсқалығын,
Қабірге қарап тұрып түсінесің!
Бұл жердің ойға берер нəрі бөтен,
Шипасы – айықтырғыш дəріге тең.
Пəниде – теңсіздіктің алуан түрі,
Бұл жерде бала, дана – бəрі де тең!
Бұл қала тапал менен иықтыны
Теңгеред, жадыңа қой түйіп мұны.
Бұл жерге Сауап пенен Иман керек,
Түк емес кесенеңнің биіктігі!
Бұл жерге –
Бітіре алмай ештеңені –
Біреу ерте, ал, біреу кеш келеді...
Қастығын тірі жанға көп қылғандар,
Қарауға бұл Қалаға сескенеді!..
Бойсынып бұрынғыдан жеткен сөзге,
«Дүние – жалғандығын» шерткен сөзге;
Жақсылар басын иіп, дұға қылар,
Тұсынан бұл Қаланың өткен кезде!
Бір тылсым айбат беріп тұл далаға,
Бұл Қала – мызғымайды зілзалаға!
Байлық жоқ,
Қызғаныш жоқ,
Дау-дамай жоқ,
Тек қана Ақиқат бар бұл Қалада!
Жеткенде соған көзім толғанамын,
Селт етіп өзімді өзім қолға аламын:
– Ақиқат бізді қалай қарсы алады,
Қақпасын қаққан күні сол Қаланың?!.