14.05.2022
  131


Автор: Ахмет Өмірзақов

Кіріптар қылмаса да «қантөгіске»...

Кіріптар қылмаса да «қантөгіске»,
«Еңбекті сіңдіретін» сан сөгіске;
Іштен шықан жау – Мінез кесірінен,
Сыймаймыз:
Сен – Тəшкенге,
Мен – Нөкіске!..
Шалқыса көңіл шіркін Атырау боп,
Бұзады бəрін тосын «шатынау» кеп.
Содан соң айналамыз «күнəһарға»,
«Қай жерден мүлт жібердім, япырау?» деп.
Қалғанда пенделіктен тұяқ талып,
Мінез ғой сездіретін ұятты анық.
Мінезсіз ақын жазған жыр –
Тұрмай ма,
Некесіз туған бала сияқтанып?!
Мінезі тірлігіне сына қағып,
Мезгілсіз іштен талай тынады алып...
Жүректің жарлығымен күн кешетін
Біздерді қашан ұғад мына халық?
…Сан ақыл, сан ғайбатты тыңдап болып,
Қалдырып орнымызға мұңды ап келіп;
Сіңеміз мейірімді топыраққа,
Бəріне жүрексіздің жұмбақ болып!...





Пікір жазу