14.05.2022
  127


Автор: Ахмет Өмірзақов

Жыр-аруақ

«Бəйгіден мүмкін емес құр келері» –
Деп,
Өзің – Бесқаланың бір сенері.
Семсердей қында тұрмас, Мақсат досым,
Сен десем – көкірегімді жыр кереді.
Қорғап ең ел намысын талай тұста,
Таңданды ел: «Мынау сөзге қалай ұста?!»
Қазақтың жасын атқан жыр-айбынын,
Лаулата дауылдадың сан айтыста!
Жаныңды өртегесін қан-жоса мұң,
Даусыңды жыр-бəйгеге сан қосасың.
Ойыңда – екпіні бар Ерімбеттің,
Бойыңда – от күні бар Жаңғожаның!
Сөз таппай құр кектеніп – кектенбеске,
Қиқарлау қарсыласың «өктем» келсе;
Сонда мен Сені көрдім,
Буырқана –
Тыңдатқан жырын бірдей Көк пен Жерге!
Тұлпардай болып сонда таң асырған,
«Уай, пəлі!» дегенді естіп жанашырдан;
Шанағын дауылдата домбыраның,
Саусағы оң қолыңның аласұрған!
Боларын бір дүмпудің біліп халық;
Демін де іштен алды тынып қалып.
Ақындық құдіретке қаншама адам,
Қалғандай еді бір сəт құрықталып!
Кеудеде күмбірлеген күйді көріп,
Шідерді Шабыт-Қанжар қиды келіп.
Жарқылдап шындық-сөздің найзағайы,
Өлеңнің ақ жаңбыры құйды келіп!
Отыр ем сен «əу» демей – төзім қалмай,
Қалдым мен сонда сенен көзімді алмай.
Ақынның аруағы қозбайды екен,
Намыстың алауында Сезім жанбай!
Күшімен жанға түскен жарық нұрдың,
Бір жұмбақ шешкендеймін анық бұл күн.
Шындықты шыңыраудан тартып алған,
Досымның кім екенін танып білдім!
Құдірет тудыратын ел сенбеген
Өнерге –
Өрлік қана өлшем бе екен?
Кім білсін…
Бар деуші ед бір Жыр-Аруақ,
Мен бүгін сездім Соны,
Ол – Сенде екен!!!





Пікір жазу