Мұстафа Өзтүрік қазасын естігенде
Найзағайдай тіліп өткен түнекті,
Сұм хабардан
Бүкіл Əлем дір етті.
«Енді бізге Мұстафа жоқ…» деген ой,
Жаншып өтті жүректі.
Жаңылысып уілінен жай күнгі,
Жел жылап тұр
Ұққандай бұл қайғымды.
Тағы да бір Арысынан қайран ел
Абайсызда айрылды…
Бір ырғақпен тұрғанымен зырғып күн,
Тартқызары таусылған ба тірліктің!..
Бүгін соған көзі жетіп тағы да,
Көкірегі қарс айрылған мұңлықпын…
– Бейнең – көзде, үнің қалды құлақта,
Жырымдасың – жүрек егер жыр атса!
…Көкжалдары аз емес-ау Қазақтың,
Арыстанның орны бөлек бірақта!
Өрлік отын лапылдатқан кеуденің,
Бір асқар тау еді-ау тұлғаң, беу, Сенің!
Арқаланып Айбарыңды шет жерде,
«Мұстафадай нар ағам бар!» деуші едім.
Бұл қайғыдан енді нені аңдайын,
Көкірегімнен шығады енді қандай Үн?
Бұл қайғыдан көрдім бүгін,
Халқымның
Шері жалын, соры қалың маңдайын!..
Тағдыр тағы кермек дəмін татырды,
Жүрегімнен Жанартау-мұң атылды.
Сенің қазаң – Мендей талай ініңді,
Айықпайтын қасіретке батырды…
Ағатай-ау, мынау неткен зіл еді,
Қандай қатал Ажал иттің күрегі?
Ол неліктен Сендей жанның тынысын,
Өзі шешіп, өзі ғана біледі?..
Дос–жолдасқа бола отқа қақталып,
Жəне жанның көл мейірімін ақтарып;
Жүрген сертшіл ел емес пе ек, ал, сонда –
Қай қылықпен бұл Құдайға жақпадық?!
Қаламымнан шықпай қалды жыр күліп,
Лайланды мəңгілікке бір тұнық…
Адамдарға деген Сенімнің орнын,
Қалды иелеп омырауда бір Күдік.
Солай, Аға,
Сен де, Мен де арманда,
Қалдық енді көніп басқа салғанға.
…Пəк Дүниеде кездесерміз Біз енді,
Бір түкіріп бұл Опасыз жалғанға!!!